Атырау облысында күйеу баланың қолынан көз жұмған отбасының кенже қызы Ақбаян Мұқанғалиева алғаш рет сұхбат берді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Бұған дейін Ақбаян көп уақытын ұйқымен өткізсе, қазір айналасына назар аударып, адамдармен сөйлесе бастаған. Тіпті, соңғы кездері туған ауылын, ата-анасы мен бауырларын жиі сұрайтын болыпты. Бірақ туыстары ештеңе айтпай отыр.

Дәрігерлер Ақбаянның нақты диагнозын айтпаған. Ал өзі бесінші баланы босанғаннан кейін сырқаттанып, содан көп жайтты ұмыттым деп отыр. Дегенмен әр баласының аты мен туған жылын жатқа біледі. Балаларына апта сайын барып тұрады.

«Балалардың кішкентайы алып кетші деп жылайды. Иә, психологқа барып жүрмін. Таңертең, аптасына екі рет. Бірақ қатты ауырып жүрген жоқпын», — дейді Ақбаян.

Туыстарының айтуынша, ол бұрынғы өмірін біледі, ағайынын таниды. Алайда бесінші баласын дүниеге әкелгеннен кейінгі кезең жадынан өшкен. Соған қарамастан, соңғы уақытта оң өзгеріс байқалған. Ендігі мақсат – оңалуды тоқтатпай, білікті мамандарға қарату. Оған қаражат қажет.

Айта кетері, Ақбаян Мұқанғалиева – Жангелдин ауылындағы жантүршігерлік қылмыстың құрбаны болған отбасының кенже қызы, бір әулеттің төрт адамын аяусыз қырып салған Сұлтан Сәрсемалиевтің бұрынғы әйелі. Ал Ақбаянды Индонезиядан елге жеткізілгеннен кейін жүйке аурулар ауруханасына жатқызған. Денсаулығына байланысты сот процесіне де қатыса алмады. Сәрсемалиев өмір бойына бас бостандығынан айырылды.