Төтенше жағдайлар министрлігі 2 тамызда дабылды ескерту жариялады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Еліміздің бірқатар өңірінде аптап ыстық болады, найзағай ойнап, бұршақ жауады және қатты жел тұрып, шаңды дауыл соғады. Сонымен қатар көптеген облыста жоғары және төтенше өрт қаупі сақталып отыр, деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.

Ауа температурасы

Синоптиктердің болжамынша, Түркістан облысында күндіз ауа температурасы 40-42 градусқа дейін көтерілсе, Қызылорда облысында 40 градусқа дейін ыстық болады. Жетісу, Жамбыл, Алматы, Қарағанды, Абай, Шығыс Қазақстан, Ұлытау, Павлодар, Маңғыстау және Атырау облыстарында да 35-40 градус аралығындағы аптап ыстық болады.

Абай облысының оңтүстігінде өте қатты ыстық 4 тамызға дейін жалғасып, ауа температурасы 41 градусқа дейін жетеді.

Найзағай мен жауын-шашын

Астана қаласында найзағай ойнап, өткінші жаңбыр, күндіз бұршақ жаууы мүмкін. Павлодар, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Ақтөбе облыстарында найзағай ойнап, жаңбыр, кей жерлерде қатты жаңбыр жауады, бұршақ жауып, дауыл соғады.

Желдің екпіні кей өңірлерде секундына 20–25 метрге дейін күшеюі ықтимал. Түркістан облысының батысы мен солтүстігінде, сондай-ақ Қызылорда облысының орталығында шаңды дауыл соғады.

Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарының кейбір аудандарында түнгі және таңғы уақытта тұман түсуі мүмкін.

Өрт қаупі

Мамандар Қазақстанның басым бөлігінде жоғары және төтенше өрт қаупі сақталатынын ескертті. Осыған байланысты тұрғындарға орман мен дала алқаптарында от жақпауға, қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға кеңес берді.