Apple компаниясы орыс қосымшаларын App Store-дан жоюды жалғастыруда. Бұл жолы дүкеннен «Одноклассники», Mail.ru, сондай-ақ VK сервистерінің бірқатары: Музыка, Мессенджер, Видео және Знакомства жойылды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Алайда «ВКонтакте» әлеуметтік желісінің негізгі қосымшасы әлі де жүктеуге қолжетімді.
Қосымшаларды iPhone-ға бұрыннан орнатқан пайдаланушылар үшін олар жұмыс істей береді. Бірақ оларды жойғаннан кейін қайта жүктеу немесе жаңа құрылғыға орнату мүмкін болмайды. Сонымен қатар, iPhone-да осы сервистер үшін push-хабарландырулар өшірілуі мүмкін.
Apple әзірге жоюдың жаңа толқынына ресми түрде түсініктеме берген жоқ. VK компаниясы қосымшалардың App Store-дан алдын ала ескертусіз жойылғанын мәлімдеп, мұндай шешімді заңсыз деп атады.
App Store-дан жойылғанына қарамастан, аталған қосымшалардың барлығы Google Play арқылы жүктеуге әлі де қолжетімді. Алайда ресейлік БАҚ-та болашақта осындай шектеулер Android пайдаланушыларына да әсер етуі мүмкін деген қауесеттер пайда болды.
Бұған дейін Kursiv LifeStyle ресейлік мемлекеттік MAX мессенджерінің де iPhone иелеріне арналған қосымшалар дүкенінен жойылғанын жазған болатын.
