Иранның Ислам революциясы сақшылары корпусы Таяу Шығыста орналасқан ірі америкалық технологиялық компанияларға сес көрсетті, деп хабарлайды Qazaqyia.KZ ақпарат агенттігі.

Корпус таратқан мәлімдемеге сәйкес, америкалық IT-компаниялар лаңкестік әрекеттерге қатысы бар деп айыпталған. Сол себепті олар енді заңды нысана болып саналмақ.

««Лаңкестік шабуылдарға арналған нысаналарды әзірлеу мен бақылауда негізгі рөлді АҚШ-тың ақпараттық-коммуникациялық технологиялар мен жасанды интеллект саласындағы компаниялары атқаратындықтан, бұдан былай террористік операцияларға белсенді қатысатын мекемелер біздің заңды нысанамызға айналады», — делінген Ислам революциясы сақшылары корпусының хабарламасында.»

Ведомство «террорлық тыңшылыққа» белсенді қатысатын компанияларға 1 сәуірдің кешінен бастап жауап ретінде соққы берілетінін атап өтті.

Шабуыл жасалуы мүмкін нысандардың қатарында Cisco, HP, Intel, Oracle, Microsoft, Apple, Google, Meta, Nvidia, Tesla, Boeing және басқа да компаниялар бар.

Сонымен қатар, сақшылар корпусы осы компаниялардың аймақтағы қызметкерлеріне өз өмірін сақтап қалу үшін жұмыс орындарынан кетуге кеңес берді.