Мәскеуде Андрей Стенин атындағы XII Халықаралық фотожурналистика байқауының жеңімпаздары марапатталды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Гран-приді ливандық фотограф Абдул Кадер әл-Бай жеңіп алды. Халықаралық қазылар алқасы оған «Ливан, 2024-2025: Әуе шабуылдары арасындағы өмір» фотосуреттер сериясы үшін «Басты жаңалықтар. Фотосуреттер сериясы» аталымында бас жүлдені беруге бірауыздан шешім қабылдады.
«2024 жылы қыркүйек айында Ливан Израильдің әуе шабуылына ұшырады. Сол кезде көптеген адам өз үйлерін тастап кетуге мәжбүр болды. Бұл фотосуреттер Ливанның әртүрлі аймақтарында түсірілген. Олар соққыдан кейінгі алғашқы секундтарда және құтқару жұмыстары кезінде не болғанын, қарапайым адамдардың қайғы-қасіреті мен қалай аман қалуға тырысатынын көрсетіп отыр», — дейді әл-Бай.
Гран-при иегерімен қатар алты номинация бойынша жеңімпаздар жарияланды. «Басты жаңалықтар. Жалғыз фотосурет» аталымында Бангладеш фотошебері Аль Музтаба Росулдың (S. Al Muztaba Rosul) туындысы үздік деп танылды. «Шатыр — аспан, күлден жасалған еден» фотосуреті өрт кезінде баспанадан айырылған адамдар, рухтың күші, өзара қолдау мен қамқоршылықтың маңыздылығын көрсетеді.
