Ресейден әкелініп, Қазақстанда табиғатқа жіберілген "Үміт" есімді аналық Амур жолбарысы қорықтағы өз аумағына бейімделіп, олжасын сәтті аулап жатыр. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Шығыс экономикалық форумы аясында "Амур жолбарысы" орталығының бас директоры Сергей Арамилев РИА Новостиге хабарлағандай, Қазақстан мен Ресей елдегі жолбарыс популяциясын қалпына келтіру бағдарламасы аясында осы жазда Хабаровск өлкесінен Балқаш өңіріне төрт Амур жолбарысы жеткізілген болатын.

Табиғи ортаға алғашқы болып жіберілген жануар – Үміт. Арамилевтің айтуынша, ол әзірге мамандардың барлық үмітін ақтап келеді. "Бұл – өте сақ жануар болғандықтан, аулауға өте қиынға соғатын жемтік еді. Мұндай аңды ұстай алуы оның сол аймақтағы кез келген жануарды – қабанды, бұғыны немесе басқа да тұяқтыларды – аулай алатынын көрсетеді", – деді ол.

Маманның айтуынша, жолбарыстың қозғалысы күнделікті саяхат үшін қалыпты диапазонға сәйкес келеді. Ол диаметрі шамамен 80 шақырым аумақты патрульдейді. "Әзірге ұрғашы жолбарыс өзін әдеттегідей ұстап жүр. Ол өз аумағын белгілеп, бірден 'тұрақ жайластыруға' тырысып жатыр. Оған айналаны зерттеп, нысандардың орналасуын көріп, жер бедерінің сызбасын жадында сақтап алу қажет. Жолбарыстар бұрын сәтті аң аулаған жерлерді таңдауға бейім келеді. Қай жерде олжасы көбірек болса, ол сол жерге жиірек оралады", — деп атап өтті ол.

Айтуынша, жыртқыш жануар үнемі бақылауда және адамдарға жақындауға ешқандай әрекет жасамаған. Сарапшы қорық аумағында елді мекендердің немесе қандай да бір шаруашылық қызметтің жоқ екенін атап өтті.