Орегон штаты университетінің американдық жаттықтырушысы Брэндон Кейлор алғаш рет Қазақстанға күрес бойынша әлем чемпионатына келіп, Астананың сұлулығы, көшелердің тазалығы және тұрғындардың қонақжайлығы оны таңқалдырғанын айтты. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
«Мен Астананың сұлулығына тәнті болдым. Қазақстан мен барған елдерімнің ішіндегі ең сүйікті елдерімнің біріне айналды», — деді америкалық.
Кейлордың айтуынша, оған әсіресе салқын ауа райы, ұлттық асхана және Қазақстанның мәдениеті ұнаған. Ол елорданың тазалығы мен абаттандырылуын, сондай-ақ жергілікті тұрғындардың ілтипаттылығын ерекше атап өтті.
«Бірақ ең бастысы — мұндағы адамдар өте мейірімді, ашық және қонақжай. Олар шетелден келген қонақтарды жылы қарсы алады», — деп бөлісті жаттықтырушы өз әсерімен.
Турнир аяқталғаннан кейін Кейлор Қазақстанға қайта келіп, Алматыға баруды жоспарлап отыр.
Күрес түрлері бойынша әлем чемпионаты Астанада 24 қазаннан 1 қарашаға дейін өтеді. Жарысқа 135 елден 900-ге жуық спортшы қатысуда.
Бұған дейін Курсив басылымы Астанада тұрып, жұмыс істеп жатқан бразилиялық шеф-аспаз туралы жазған болатын.
