Президент Қасым-Жомарт Тоқаев америкалық Mars компаниясының бас атқарушы директоры Пол Вайраухты қабылдап, ірі инвестициялық жобаны талқылады, деп хабарлайды Qazaqyia.KZ ақпарат агенттігі.

Мемлекет басшысы Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Mars арасында шамамен 180 миллион долларға инвестициялық келісімге қол қойылғанын жоғары бағалады. Президенттің айтуынша, бұл оқиға стратегиялық маңызы зор серіктестіктің бастамасы және қазақ-америка ынтымақтастығының жоғары деңгейін көрсетеді.

Жоба аясында Mars компаниясы жаңадан құрылған Алатау қаласында үй жануарларына арналған азық-түлік шығаратын зауыт салады. Бұл ауыл шаруашылығы шикізатын терең өңдеп, қосымша құны жоғары өнім өндіруге мүмкіндік береді.

«Пол Вайраух Мемлекет басшысына өзара тиімді инвестициялық келісімді жүзеге асыруға қолдау көрсеткені үшін алғыс айтты. Компания басшысының сөзінше, бұл бастама Mars үшін Орталық Азия мен көршілес өңірлерде өндіріс пен сату нарығын кеңейтуге арналған мықты платформа болады.»