«Әділет» партиясының съезінде биліктің Amanat партиясын жаңа құрылған «Әділет» партиясының құрамына қосу ұсынылды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

«Біз Amanat партиясындағы әріптестерімізге және оның барлық мүшесіне үлкен құрметпен қараймыз. Олар ұзақ жылдар бойы еліміздің қоғамдық-саяси өміріне белсенді қатысып, өңірлерде жұмыс істеп, мол саяси және ұйымдастырушылық тәжірибе жинақтады. Бұл тәжірибе енді ортақ мақсаттарға қызмет ететін қуатты әлеуетке айналады деп кәміл сенеміз», — деді съезде «Әділет» партиясының төрағасы Айбек Дәдебай.

Оның айтуынша, «Әділет» партиясына Amanat-тың қосылуы тар партиялық мүддеден жоғары тұрған, ұлттық жауапкершілікке негізделген парасатты шешім. «Біз азаматтардың сенімін ақтауға, әділдікті мемлекеттік жүйе мен дамудың тұғырына, қажет десеңіздер ұлттық болмысқа айналдыруға тиіспіз. Осы мақсат үшін «Әділет» партиясы құрылды. Осы мақсатты ортақ көретін күштерді қатарымызға қабылдауға, құшақ жая қарсы алуға дайынбыз», — деді ол.

Айбек Дәдебай съезд делегаттарын, партия мүшелерін AMANAT партиясының «Әділет» партиясына қосылуы туралы тарихи шешімді қолдауға шақырды. Съезд Астанада өтіп жатыр.