Алжир орман немесе егістік алқаптарына қасақана өрт қойғаны үшін сотталғандарға өлім жазасын салатын заң қабылдады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы BBC News басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Ұлттық жиналыс депутаттары бейсенбі күні бұл заң жобасын дауысқа салып қабылдады. Заң жобасы бала ұрлауды да өлім жазасына тартылатын қылмыс қатарына қосты.

Алжирдің қылмыстық кодексінде кейбір қылмыстар үшін өлім жазасы бұрыннан бар, алайда 1993 жылдан бері ешбір адам өлім жазасына кесілмеген.

Ресми мәлімет бойынша, өрттерден қаза тапқандар саны 12 адамды құрайды, бірақ тәуелсіз ақпарат құралдары бұл көрсеткішті әлдеқайда жоғары деп есептейді.

Алжир президенті Абдельмаджид Теббун Солтүстік Африкадағы қатты ыстық толқыны кезінде елдің солтүстік-шығысында 100-ден астам өрт тіркелгеннен кейін әділет министрлігіне қылмыстық заңға өзгерістер енгізуді тапсырған болатын.

Заңға сәйкес, орманды, тоғайды немесе егістікті қасақана өртегені үшін сотталған кез келген адам өлім жазасына тартылуы мүмкін.

Өлім жазасы азаптау, жыныстық зорлық-зомбылық немесе мүгедектікке әкеп соққан бала ұрлау қылмыстарына да қолданылатын болды.

AFP ақпарат агенттігінің мәліметінше, әділет министрі Лотфи Буджема парламентте былай деген: «Бұл әрекеттер үшін өлім жазасын қабылдау — осы қылмыстарды тежеудің тиісті құқықтық жауабы».

Буджеманың айтуынша, қатаң жазалар өрт қою «ұйымдасқан қылмыс деңгейіне» жеткендіктен және тергеулер «шетелдік тараптармен» байланысты көрсеткендіктен негізделген.

Заң президент ресми бекіткенге дейін жоғарғы палата — Ұлт кеңесінің қарауынан өтеді.

Тергеуші журналист Нозха Хелалеф өрттерде қаза тапқандардың есімдерін отбасылар жариялаған қазанамалар мен кейбір жергілікті билік органдары берген ақпараттан жинақтап отыр.

Оның тәуелсіз Twala жаңалықтар сайтында жарияланған есебі бойынша, қаза тапқандар саны 200 адамды құрайды.

Алжирде жаз сайын орман өрттері жиі болады, алайда климаттың өзгеруі соңғы жылдардағы өрттердің қарқыны мен ауырлығын күшейтіп отыр.