Алтай Республикасында Қазақстан азаматтары мінген көлік жол апатына түсті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан осы елдің ішкі істер министрлігінің ресми сайтына сілтеме жасап. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Қайғылы оқиға 27 шілде күні кешкі уақытта Акташ ауылының жанында болған. Сол жерде тұратын 31 жастағы әйел Toyota Avensis көлігімен жолдың қарсы бетіне шығып, Chevrolet Nexia-мен соқтығысқан.
Chevrolet Nexia көлігінде Қазақстанның бес азаматы болған: 40 жастағы көлік иесі, 44 жастағы әйел, 63 жастағы екі ер адам және 13 жастағы қыз. Барлығы шұғыл ауруханаға жеткізілген. Бірақ екеуі – 40 жастағы ер адам мен 44 жастағы әйел ауыр жарақаттан қайтыс болды.
Toyota Avensis көлігінде болған 21 жастағы жолаушы да ауруханаға жатқызылды. Ал рөлде болған әйел ауыр жарақат алмаған, оны ауруханаға жатқызудың қажеті болмады.
Тексеріс кезінде әйелдің рөлге мас күйінде отырғаны анықталды. Оның көлік жүргізуге құқығы да болмады, делінген ресми хабарламада. Қазіргі кезде сотқа дейінгі тергеу басталды. Соның нәтижесінде процессуалдық шешім қабылданады.
