Алматылық спортшы Әнуар Ақылбеков роллер-фристайлдан әлем кубогы кезеңінде алтын медаль жеңіп алды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Қытайдың Лишуй қаласында өткен халықаралық жарысқа әлемнің түкпір-түкпірінен 200-ден астам спортшы қатысты. Олар роллер-фристайлдың Classic Slalom, Speed Slalom, Pair Slalom, Battle, Jump және Slides бағыттары бойынша өзара бақ сынады.
Әнуар Ақылбеков Slides бағытында үздік нәтиже көрсетіп, жеңіс тұғырынан көрінді. Бұл дисциплинада спортшылар роликті конькимен күрделі техникалық сырғанау элементтерін шеберлікпен орындайды. Ал төрешілер элементтердің күрделілігі, жылдамдығы, дәлдігі мен орындалу сапасын бағалайды.
Айта кетері, роллер-спортта 14-тен астам бағыт бар. Бұл спорт түрі Дүниежүзілік және Азия ойындары секілді ірі халықаралық көпсалалы жарыстардың бағдарламасына енгізілген.
