Алматыда соғысқа қарсы ұстанымымен және Қазақстанда Мәскеуден тәуелсіз православ шіркеуін құруды көздеген бұрынғы діни қызметкер Иаков Воронцов ұсталды. Полиция оны «есірткі сақтайтын орын ұйымдастырды» деп айыптаса, жақтастары мұны Ресей православ шіркеуінің арандатуы санайды, деп хабарлайды Qazaqyia.KZ ақпарат агенттігі.
13 ақпанға қараған түні Воронцовтың үйіне тінту жүргізіліп, «ұнтақ заттар» табылған. Полицияның хабарлауынша, сараптама оның есірткі қолданғанын растаған, сол себепті ол 10 тәулікке қамалды.
Алайда адвокат Ғалым Нұрпейісов құқық қорғау органдары кінәсіздік презумпциясын бұзды деп санайды, себебі ұнтақтың нақты құрамы әлі анықталмаған. Воронцовтың өзі марихуана тұтынғанын жоққа шығарып, сараптама нәтижесімен келіспейді.
««Үйімде ешқандай притон болған емес. Табылған ұнтақ маған тиесілі емес, бұл — мені қаралау үшін жасалған арандату», — деді ол қамаудан жолдаған хатында.»
—
39 жастағы Владимир Воронцов діни қызметімен қатар, қазақ тілін үйреніп, уағыздарын қазақша жүргізуімен танылған. 2022 жылы Украинадағы соғыс басталғанда, ол Ресей басшылығы мен соғысты қолдаған Ресей православ шіркеуін (РПШ) ашық сынаған.
Осы саяси ұстанымы үшін 2023 жылы РПШ оны діни қызметтен шеттетті. Осыдан кейін Воронцов Қазақстанда Мәскеуге бағынбайтын тәуелсіз шіркеу құруға кіріскен.
Бұған дейін де Воронцовқа «араздық тудыру» бабымен іс қозғалып, кейін жабылған болатын. Оның жақтастары қазіргі қысымның артында РПШ мен оның Қазақстандағы басшылығы тұр деп есептейді. Айта кетейік, Украина, Латвия және Эстонияның православ шіркеулері қазірдің өзінде Мәскеуден бөлініп кеткен.
