Алматыда Тимирязев пен Жандосов көшелерін абаттандыру бойынша ауқымды жұмыстар аяқталуға жақын. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Қала әкімдігінің мәліметінше, барлық негізгі жұмыстарды қыркүйек айының соңына дейін аяқтау жоспарланған. Жаяу жүргіншілерге арналған аймақтар қала тұрғындары үшін толық қолжетімді болуы тиіс. Бұл жерде тротуарлар мен веложолдар кеңейтіліп, жаңа жарықтандыру және автополив жүйесі орнатылуда.

Тимирязев көшесіндегі жұмыстар

Әкімдіктің мәліметінше, Тимирязев көшесінде 62 ағаш және 23 247 бұта отырғызылған. Шамамен 66,8 мың шаршы метр газон алаңы қарастырылған, 12 шақырым автополив жүйесі тартылып, 93 жарықтандыру тірегі орнатылған.

Жандосов көшесіндегі жұмыстар

Жандосов көшесінде 118 ағаш, 41 066 бұта және 1 703 көпжылдық өсімдік отырғызылған. Газонға шамамен 21,7 мың шаршы метр жер бөлінген, сондай-ақ 12 шақырым автополив жүйесі тартылып, 115 жарықтандыру тірегі орнатылған.

Жөндеу кезіндегі қиындықтар

Жөндеу жұмыстары кезінде абаттандыру алматылықтар тарапынан көптеген сұрақ тудырды. Тротуарлардың жабылуы мен құрылыс қоршауларына байланысты жаяу жүргіншілер айналып өтетін жолдар іздеп, жүргін бөлігіне шығуға мәжбүр болды. Тұрғындар шаң мен ыңғайсыз өткелдерге де шағымданған.

Жаңа инфрақұрылым

Абаттандыру жұмыстары аяқталғаннан кейін билік жаяу жүргіншілер инфрақұрылымын ыңғайлы етіп, велосипедшілер мен аз қозғалатын азаматтарға жағдай жасауды уәде етеді.

Бұған дейін Kursiv LifeStyle әкімдіктің жұмыстарды «шахмат тәртібі» қағидатымен ұйымдастырғанын түсіндіргенін жазған болатын. Құрылысшылар көшенің бір жағында жұмыс істеп жатқанда, екінші жағы жаяу жүргіншілер үшін қолжетімді болуы керек. Алайда тәжірибеде қала тұрғындары әдеттегі өткелдердің жабылған учаскелеріне тап болды.