Алматыдағы психикалық денсаулық орталығынан екі науқас қашып кетті. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Науқастардың қашып кеткені туралы Алматы облысының LIDER.KZ еріктілері әлеуметтік желіде жазды. Олардың айтуынша, психикалық бұзылулардан зардап шегетін адамдарды шұғыл түрде іздеу қажет.
Бірінші науқас – әйел
1989 жылы туған әйел Алматыдағы психикалық орталықтан 16 сәуірде сағат 09.00 шамасында кетіп қалған. Оның бойы 167 см, дене бітімі орташа, көздері қоңыр, шаштары қара-ақшыл, ұзын, бетінде бөртпелер бар. Үстінде қою көк велюр куртка, күлгін шалбар, көк резеңке тәпішке киген.
Екінші науқас – ер адам
Іздеу жарияланған екінші науқас – 35 жастағы ер адам. Ол 13 мамыр сағат 08.00 шамасында Бостандық ауданы, Кекілбайұлы көшесі, 117А үй мекенжайы бойынша психикалық денсаулық орталығынан қашып кеткен. Белгілері: бойы 180 см, дене бітімі орташа, шашы сұрғылт, қысқа, көздері қоңыр, сол көзінің жанында меңі бар.
Полиция мәлімдемесі
Алматы қаласының полиция департаменті ақпаратты растады. Полицияның айтуынша, медициналық мекемеден науқастардың жоғалуына қатысты деректер екі бөлек факті болып табылады. Ер адам мен әйел медициналық мекемеден әр күнде шыққан және олардың бір-біріне еш қатысы жоқ.
Екі факті бойынша Бостандық аудандық полиция басқармасы іздестіру жұмыстарын қабылдады. Қазіргі уақытта азаматтардың жүрген жерін анықтап, оларды медициналық мекемеге қайтаруға бағытталған жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізіліп жатыр.
