Алматыда өткен Ғылым фестивалінде мектеп оқушылары, колледж және жоғары оқу орындарының студенттері, ғалымдар мен инженерлер бас қосты. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Іс-шараға "Росатом" мемлекеттік корпорациясының, Ұлттық зерттеу ядролық университеті (МИФИ) және Қазақстанның Ядролық қоғамының мамандары қатысып, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің инновациялық хабында 500-ден астам оқушы мен студентке атом саласындағы мамандықтардың болашағы туралы айтып берді. Ғылым фестивалін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ базасындағы МИФИ-дің Алматы филиалы ұйымдастырды.

Іс-шараға 7-11 сынып оқушылары, колледж және жоғары оқу орындарының студенттері қатысты. Олар заманауи ғылыми әзірлемелермен танысып қана қоймай, технологияларды іс жүзінде көріп, тәжірибелерге қатысып, сарапшылармен тікелей сөйлесті.

"Фестивальге келген оқушы жай ғана дәріс тыңдап қоймайды. Ол тәжірибе жасап көріп, профессорлар мен сарапшыларға сұрақ қойып, академиялық ортамен сөйлеседі. Фестивальден кейін оның ғылым, атом және ядролық өнеркәсіп туралы түсінігі қалыптасады", - деді әл-Фараби атындағы ҚазҰУ базасындағы МИФИ Алматы филиалы басшысының орынбасары Әлия Алдиярова.

Оның айтуынша, Қазақстанда осындай фестивальдерді ұйымдастыруға "Росатом" өкілдері де белсенді қатысады. Олар өз тәжірибесі мен білімін бөлісіп, атом саласының болашағы зор екенін түсіндіреді.

"Алдарыңызда ядролық ғылым мен ғарыш ғылымының үлкен әлемі ашылады. (...) Атом технологиялары – тек атом станциялары емес. Бұл – ядролық медицина, кванттық компьютерлер, лазерлер және ғылым мен техниканың басқа да бағыттары. Бұл салаларда сіздер өз білімдеріңізді қолдана аласыздар", – деді фестивальдің ашылуында "Росатом" мемлекеттік корпорациясы Коммуникациялар департаменті директорының орынбасары Константин Рудер.