Алматыда полиция қызметкерлері аялдамада есірткі дүкенінің жарнамасы бар стикерлерді жапсырған әйелді ұстады. Ол төрт QR-коды бар жапсырманы орналастырып үлгерген. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, ұсталған әйелден тағы 116 стикер, ұнтақ тәрізді зат салынған екі орама және ұялы телефон табылған.
«Осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Алынған заттар сараптамаға жіберілді. Тергеу жүргізілуде. Күдікті қамауға алынды. Полиция азаматтарды күдікті QR-кодтарды сканерлемеуге және мұндай стикерлер туралы полицияға хабарлауға шақырады», — деп хабарлады департаментте.
Бұған дейін Ішкі істер министрлігі Қазақстанда алаяқтардың аялдамаларда, подъездерде, жарнамалық стендтерде және басқа да қоғамдық орындарда QR-кодтарды ауыстыра бастағаны туралы ескерткен. Қылмыскерлер өз QR-кодтарын нақты кодтардың үстіне жапсырады немесе хабарландырулар мен жарнамалардың жанына орналастырады. Сканерлегеннен кейін пайдаланушы сырттай ресми қызмет немесе төлем бетіне ұқсайтын жалған сайтқа тап болады.
Алматы полициясының Instagram парақшасында жарияланған бейнеде ұстау сәті көрсетілген. Полиция қызметкерлері азаматтарды күдікті QR-кодтарды сканерлемеуге және мұндай жапсырмалар туралы дереу хабарлауға шақырады.
