Алматыда 15-26 маусым аралығында магистральдық және таратушы жылу желілерінің гидравликалық сынақтары жүргізіледі. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы «Алматы жылу желілері» ЖШС баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Сынақтар қаланың жеті ауданында өтеді. Компания мәліметінше, тексеру кезінде күн сайын таңғы сағат 04:00-ден 07:00-ге дейін магистральдық және таратушы құбырлар сыналады. Қала тұрғындары мен қонақтарына сақтық шараларын сақтау ұсынылады.

«Алматы жылу желілері» қауіпсіздік шараларына қарамастан, күтпеген жағдайлар болуы мүмкін екенін ескертеді. Атап айтқанда, судың жер бетіне шығуы және жол жамылғысының бұзылуы ықтимал. Мұндай жағдайларда тұрғындарға ешқандай әрекет жасамауға, дереу оқиға орнын тастап кетуге және компанияға хабарласуға кеңес беріледі. Байланыс телефондары: 351-27-62 (тікелей нөмір), call-орталық: 341-07-00 немесе 341-07-77 (ішкі 1011 немесе 1014), сондай-ақ 109 нөмірі.

Гидравликалық сынақтар жылу желілері мен жабдықтардың жай-күйін тексеру үшін жүргізіледі. Олар сондай-ақ қалалық жылумен жабдықтау жүйесін жылыту маусымына дайындау кезінде құбырлардың проблемалық учаскелерін анықтауға мүмкіндік береді. Сынақ кестесі кәсіпорынның alts.kz сайтында орналастырылған. Компания тұрғындардан уақытша қолайсыздықтарды түсіністікпен қабылдауды сұрайды.

Бұған дейін «Курсив» Алматының бірнеше ауданында «АлматыЖылуКоммунЭнерго» ЖШС қазандықтарында жоспарлы жұмыстарға байланысты ыстық судың уақытша өшірілетінін хабарлаған болатын.