Алматы орталығында жер астынан шыққан от қала тұрғындарын үркітті. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, 25 маусым күні түстен кейін Алмалы ауданындағы Гагарин және Қабанбай батыр көшелерінің қиылысында куәгерлер жер асты коммуникацияларының өртенгені туралы хабарлаған.

«Оқиға орнына полиция қызметкерлері, өрт сөндірушілер, авариялық қызметтер мен энергетиктер дереу жетті. Тәртіп сақшылары қауіпті аймақты қоршап, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етті, ал өрт сөндірушілер өртті жоюға кірісті», — деп хабарлады қалалық полиция.

Мамандардың алдын ала мәліметі бойынша, оқиғаның себебі жер асты инженерлік желілеріндегі қысқа тұйықталу болуы мүмкін.

Өрт жедел түрде оқшауланып, жойылды. Зардап шеккендер жоқ.

Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.

Бұған дейін «Курсив» Алматының Әуезов ауданында орналасқан Батыс жылу кешенінің трансформаторлық қосалқы станциясында ірі өрт болғанын хабарлаған.