Алматыда заңсыз салынған «Жетісу-Семиречье» базарын бұзу жұмыстары басталды, деп хабарлады қала әкімдігі. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Түрксіб ауданының Қайрат шағынауданында орналасқан базардың жалпы аумағы 56 мың шаршы метрден асады.

«Бұған дейін жүргізілген тексеру барысында «Статус Construction» ЖШС рұқсат құжаттарынсыз жалпы аумағы 56,4 мың шаршы метр болатын сауда орындарын салғаны анықталды», - деп жазылған хабарламада.

Меншік иесіне қатысты әкімшілік шара қабылданып, заңбұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілген.

Алайда нұсқама талаптары орындалмағандықтан, Қала құрылысын бақылау басқармасы заңсыз нысандарды бұзу туралы талап арызбен Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына жүгінді.

«Алматы қалалық сотының қаулысымен мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттың заңсыз нысандарды бұзу туралы шешімі өзгеріссіз қалдырылды», - дейді әкімдік.

Сот шешімін орындау мақсатында меншік иесі нысандарды бұзу жұмыстарын өз бетінше бастады.