Алматыда жаңа, көпбейінді онкологиялық орталық салу жоспарланып отыр. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Қала әкімдігінің хабарлауынша, жоба мемлекеттік сараптамадан оң қорытынды алған. Бұл оны іске асырудың келесі кезеңіне өтуге мүмкіндік береді.

Орталықта 250 төсектік, тәулік бойы жұмыс істейтін стационарлық мекеме, химиотерапияға арналған 80 төсектік күндізгі стационар және консультативтік-диагностикалық амбулаториялық клиника болады.

Сонымен қатар, орталықта жоғары дәлдіктегі зерттеулер жүргізілетін заманауи клиникалық-диагностикалық, молекулалық-генетикалық және патоморфологиялық зертханалар ашылады.

Жоба сонымен қатар цифрлық медициналық мұрағат, жағдаят орталығы және қатерлі ісікке қарсы дәрі-дәрмектерді дайындауға арналған автоматтандырылған жүйесі бар госпитальдік фармация бөлімін құруды қамтиды.