Қазақстан Ішкі істер министрлігі трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелерінің ұсталғанын хабарлады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Барлығы Ыстанбұл қаласында Қазақстан азаматын атып өлтіруден басталған. Қазақстан, Грузия және Түркия полиция қызметкерлерінің бірлескен жұмысының нәтижесінде екі адам ұсталды.

«Қылмыстық істі тергеу барысында оның жасалу себебі, сондай-ақ кісі өлтіруді ұйымдастырушы мен тапсырыс берушінің кім екені анықталды. Алынған мәлімет Ішкі істер министрлігіне Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп, трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелерінің Қазақстан аумағында жасаған өзге де ауыр қылмыстарын ашуға мүмкіндік берді», – деді ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.

2025 жылғы тамызда Алматы қаласында қала тұрғынын өлтіруге оқталған топтың бір киллері ұсталды. Осы дерек бойынша тергеу аяқталып, қылмыстық іс сотқа жолданды.

Қазақстан Ішкі істер министрлігі Грузия және Түркиядағы әріптестерімен бірлесіп, үш мемлекеттің аумағында трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелерін ұстауға бағытталған кезең-кезеңімен арнайы операция жүргізді. Алматы қаласында аталған қылмыстық құрылым мүшелері ұсталды. Оларға қару қолдану арқылы жасалған бірнеше шабуылға қатысы бар деген айып тағылып отыр, – деп хабарлады ІІМ.

Сондай-ақ Грузия аумағында трансұлттық қылмыстық құрылымдармен байланысы бар және бірқатар ауыр қылмысқа қатысы бар деген күдікке ілінген адамдар ұсталды.

«Қазіргі уақытта белгілі болған барлық қылмыстық факті бойынша дәлелдемелер жинау жалғасып жатыр, қылмысқа қатысы бар тұлғалар анықталады. Топ ұйымдастырушысын қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тарту бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр», – деді Қуандық Алпыс.