Алматыда жеңіл рельсті көлік (ЛРТ) жобасын іске асыру аясында Төле би көшесінің учаскелерінде уақытша қозғалыс шектеулері енгізіледі. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Almaty_Joly хабарлауынша, 25 қыркүйек сағат 23:00-ден 26 қыркүйек сағат 18:00-ге дейін Сейфуллин даңғылынан Наурызбай батыр көшесіне дейінгі учаскеде қозғалыс жабылады.

Сонымен қатар, 26 және 27 қыркүйекте сағат 23:00-ден 06:00-ге дейін Розыбакиев көшесінен Кәрімов көшесіне дейінгі учаскеде (батыс бағытта) қозғалыс шектеледі. Бұл учаскеде реверсивтік қозғалыс ұйымдастырылады.

Жөнделіп жатқан учаскеде ескерту белгілері қойылады. Жүргізушілерден маршрутты алдын ала жоспарлауды сұрайды.

Бұған дейін «Курсив» Алматыдағы Төле би көшесінде жеңіл рельсті көлік желісін салуға дайындық жұмыстары жалғасып жатқанын жазған болатын.

Еске салайық, ЛРТ бірінші желісінің бірінші кезегі Алатау ауданының индустриялық аймағындағы Мөңке би және Бауыржан Момышұлы көшелері маңындағы деподан басталады. Содан кейін трасса Бауыржан Момышұлы көшесімен Төле биге дейін, әрі қарай Төле би бойымен шығыс бағытта Абылай хан даңғылына дейін, содан соң оның бойымен Алматы-2 теміржол вокзалына дейін жалғасады.