Алматыда коммуналдық ақылы тұрақтарға жеңілдік рұқсаттарын алу уақытын қысқарту жоспарлануда. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Қала әкімдігінің мәліметінше, қазіргі уақытта мұндай жеңілдіктерді 15 344 автокөлік иесі пайдаланады.

Жеңілдіктер I және II топтағы мүгедектігі бар адамдарға, Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, көпбалалы отбасыларға және Семей полигонындағы ядролық сынақтардан зардап шеккен отбасылардың өкілдеріне қарастырылған. Сондай-ақ оларды электромобильдер мен арнайы көлік иелері де пайдалана алады.

Қазіргі уақытта қалада 17 мыңнан астам коммуналдық тұрақ орны бар. Олардың санын 25 мыңға дейін ұлғайту жоспарлануда.

«Сонымен қатар, Алматыда жеңілдік рұқсаттарын рәсімдеуді оңайлатып, қызметтерді алу уақытын қысқарту үшін цифрлық сервистерді дамытуға ниетті. Тұрақ желісін кеңейту қызмет көрсету сапасын арттырумен және тұрақтардың тұрғындардың әртүрлі санаттары үшін қолжетімділігін қамтамасыз етумен қатар жүретін болады», — делінген хабарламада.

4 қазаннан бастап Алматыда коммуналдық ақылы тұрақтарға тарифтер өзгерді. Сағатына 100 теңге болатын бірыңғай ставканың орнына учаскенің жүктемесіне қарай үш тариф — 100, 150 және 200 теңге енгізілді.

Бұған дейін қалалық мәслихат тұраққа минутына төлеуді бекіткен болатын. Сондай-ақ пәтер иелері мен жалдаушыларға үйден 500 метр радиуста таңдалған тұрақта бір автомобиль үшін тегін тұрақ рәсімдеуге рұқсат берілді.

Қыркүйек айында әкімдік электромобиль иелеріне жеңілдік алу үшін «Алматы паркинг» мекемесіне өтініш беру қажет екенін түсіндірген болатын. Өтініш қаралғаннан кейін көлік арнайы тізілімге енгізіледі және тұрақ ақысы алынбайды.