Алматы облысындағы биік таулы аймақта екі ресейлік турист жарақат алып, ТЖМ құтқарушылары оларды 3500 метрден астам биіктіктен эвакуациялады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

5 тамызда Талғар ауданындағы теңіз деңгейінен 3510 метр биіктікте орналасқан "Тоғызақ" биік таулы гидробекетіне сегіз адамнан тұратын туристік топ көмек сұрап жүгінді. Жорыққа қатысқан екі турист медициналық көмекке мұқтаж болды.

25 жастағы турист қыз қорғаныс каскасын кигеніне қарамастан, тас құлап, басынан жарақат алған. Ал 32 жастағы ер адам құлап, қолын жарақаттаған. Алдын ала мәлімет бойынша, оның қолы сынған болуы мүмкін.

Биік таулы жер бедерінің күрделілігіне, қалың тұманға байланысты авиацияны жедел пайдалану мүмкін болмаған. Осыған байланысты ТЖМ "Барыс" республикалық жедел-құтқару жасағының құтқарушылары зардап шеккендерге Сол жақ Талғар шатқары арқылы жаяу барған. Таңға жуық құтқарушылар гидробекетке жетіп, туристердің жағдайын тексерді.

Ауа райы жақсарғаннан кейін зардап шеккендер "Қазавиақұтқару" тікұшағымен "Медеу" алаңына эвакуацияланды. Оларды сол жерде ТЖМ Апаттар медицинасы орталығының медицина қызметкерлері қарсы алды. Кейін туристер қосымша тексеруден өтіп, қажетті медициналық көмек көрсету үшін медициналық мекемеге жеткізілді.