Алматыда Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің (QyzPU) базасында студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету жөніндегі ахуалдық орталық жаңа оқу жылы қарсаңында дәстүрлі түрде жұмысын бастады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Орталықтың негізгі мақсаты – жатақханадан орын таба алмай қалған студенттерге жедел әрі тиімді қолдау көрсету. Жоғары оқу орындарының цифрлық платформалары арқылы жатақханаға орын брондап үлгермеген немесе орналасу барысында қиындықтарға тап болған білім алушылар ахуалдық орталыққа тікелей жүгіне алады.

Орталық мамандары әрбір өтінішті жедел қарап, бос орындар базасы арқылы тиісті жатақханалардан немесе серіктес ұйымдардан уақытша тұру орнын ұсынуға мүмкіндік жасайды. Жедел қызмет көрсету мақсатында орталықта 8 толыққанды жұмыс орны ұйымдастырылған.

Әрбір жұмыс орны заманауи компьютерлік техникамен, цифрлық дерекқорларға қолжетімділікпен және бір мезгілде 10 қоңырауды қабылдай алатын көпарналы байланыс жүйесімен жабдықталған. Бұл мамандарға қаладағы жоғары оқу орындарымен және жатақхана әкімшіліктерімен үздіксіз байланыс орнатып, студенттердің мәселелерін жедел шешуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар орталық аумағында студенттер мен келушілер үшін барлық қажетті жағдай қарастырылған. Мұнда өтініш берушілерге арналған күту және демалыс аймағы, оқу бұрышы, кофе-брейк аймағы, сондай-ақ жиналыстар мен жедел брифингтер өткізуге арналған конференц-зал жұмыс істейді.

Ахуалдық орталықтың мекенжайы: Алматы қаласы, Бөгенбай батыр 142. Байланыс нөмірлері: +7 700 255 14 43, +7 700 950 95 28; +7 727 237 01 70.