Мемлекет басшысы UBTECH Robotics Corp компаниясының аға президенті Чжун Юнмен кездесті, деп хабарлады Ақорда. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Қасым-Жомарт Тоқаев корпорацияның Алматыда білім беруге және қызмет көрсетуге арналған роботты техникалар шығаратын зауыт ашу жоспарына қолдау білдірді. Президент еліміз аталған компанияның Қытайдан тысқары жердегі алғашқы өндіріс алаңы болатынын айтты.
Бұл жоба биыл шілде айында Шанхайда қол жеткізілген уағдаластыққа сай іске асырылып жатыр.
Кездесуде білім саласындағы серіктестік перспективасы талқыланды. Атап айтқанда, UBTECH пен Қазақстанның техникалық жоғары оқу орындары және колледждері арасында жүйелі ықпалдастық орнату мүмкіндігі қаралды, деп жазылған хабарламада.
Бұдан бөлек, бірлескен құзырет орталығын құру ұсынылды. Осы бастама аясында қазақстандық мамандар компанияның зерттеу және өнім әзірлеу қызметіне қатыса алады.
Сонымен қатар UBTECH технологияларын Alatau City жобасына жан-жақты енгізу, тау-кен, мұнай-газ салаларында және ірі логистикалық нысандарда роботты техникаларды пайдалану мәселелері қарастырылды.
