Алматыда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенті белгісіз жағдайда қайтыс болды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Ақпаратты Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі растады. Ведомствоның баспасөз қызметінің хабарлауынша, қайғылы оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалған.

«Қайтыс болу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды, оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексерудің өзге мәліметтері жария етуге жатпайды», — деді ведомствоның баспасөз қызметі.

Ulysmedia.kz ақпаратына сәйкес, қыз Шымкенттен Алматыдағы жоғары оқу орнына оқуға келген. Ол журналистика факультетінің бірінші курс студенті болған. Қайғылы оқиға алтыншы қараша күні кешке студенттік қалашықта болған. Түнде жатақханадағы студенттерге бөлмелерден және балкондарға шығуға тыйым салынған.

Айта кетейік, бір жыл бұрын қазақстандықтарды ҚазҰУ студентінің ректораттың 14-қабатынан құлағаны туралы жаңалық дүр сілкіндірген еді. Сол кезде трагедияның алдын ала себебі ретінде қыздың отбасындағы мәселелер аталған болатын.

Бұған дейін Kursiv LifeStyle ҚазҰУ-да 28 қазанда ғимаратты миналау туралы хабарлама түскенін, бірақ ақпарат расталмағанын жазған. Студенттер мен оқытушылар факультеттер мен бас корпустың ғимараттарынан эвакуацияланған еді.