Алматыда өзін заңнан жоғары санаған жүргізуші әйел жауапқа тартылды, деп хабарлады Ішкі істер министрлігі. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Әлеуметтік желіде ол заңды елемейтінін ашық көрсетіп, өзіне ешқандай шара қолданылмайтынын мәлімдеген. Видеода әйелдің қауіпсіздік белдігін тақпай көлік басқарғаны және бұл талапты орындаудан ашық бас тартқанын байқауға болады. Полиция қызметкерлері әйелді анықтап, жауапқа тартты.
«Тексеру барысында өзге де заң бұзушылықтар анықталды. Әйелдің бұған дейін сот шешімімен көлік басқару құқығынан айырылғанына қарамастан, рөлге отырғаны белгілі болды», - деп жазылған хабарламада.
Осыған байланысты оған қатысты бірнеше әкімшілік құқық бұзушылық дерегі бойынша іс қозғалды. Атап айтқанда, көлік басқару құқығынан айырылғаннан кейін көлік жүргізу, қауіпсіздік белдігін пайдалану талабын бұзу, сот шешімін орындамау және жалған ақпарат тарату фактілері бойынша материалдар рәсімделді. Жинақталған материалдар сотқа жолданды.
Автокөлік арнайы айыппұл тұрағына қойылды. Сонымен қатар көлік басқару құқығынан айырылған адамға автокөлігін берген көлік иесі де жауапкершілікке тартылды.
