Алматыда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғимаратынан қараусыз қалған сөмке табылып, студенттер мен оқытушылар эвакуацияланды. Оқиға орнына қалалық жедел қызметтер жетті. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Алғашында университетке бомба қойылғаны туралы ақпарат тараған. Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, тексеру барысында сөмкенің студенттердің біріне тиесілі екені анықталды.

Қауіпті заттар табылған жоқ. Полиция азаматтарды күмәнді немесе қараусыз қалған заттарды байқаған жағдайда, оларға жақындамауға, ұстамауға және орнынан қозғамауға шақырды.

Мұндай жағдайларда дереу 102 нөміріне хабарлау қажет.