Алматыда полицейлер жарақат алған ер адамды құтқарды. Ол қанға бөккен, ал қолында пышақ пен кірпіш ұстаған. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Мегаполис полиция департаментінің хабарлауынша, дабыл қоңырауы жедел басқару орталығына түскен. Өтіп бара жатқандар Алатау ауданының Шаңырақ-2 шағын ауданында қанға бөккен ер адам бар екенін хабарлаған.
Патрульдік полицейлер бірнеше минут ішінде оқиға орнына жеткен. Жедел жәрдем келгенге дейін олар зардап шеккенге алғашқы көмек көрсетіп, қан тоқтатып, дәрігерлерге тапсырған. Полицейлердің сүйемелдеуімен ер адам ауруханаға жеткізілген.
Бұл туралы Instagram-дағы жазбаны қараңыз: Алматы қаласының ПД | ДП г.Алматы (@almaty.police) жариялаған.
Алдын ала мәліметтер бойынша, зардап шеккен мас болған. Ол туған күнін тойлап жатқанын, бірақ дастархан басында басқа қатысушылармен жанжалдасып қалғанын айтқан. Жанжал төбелеске ұласып, соның салдарынан ауыр жарақат алған.
«Қазіргі уақытта Алатау ауданы полиция қызметкерлері оқиғаның барлық мән-жайын, сондай-ақ жанжалға қатысушыларды анықтауда. Тексеру қорытындысы бойынша олардың әрекеттеріне құқықтық баға беріледі», — деп хабарлады полиция.
Бұған дейін «Курсив» Павлодарда жасөспірімдердің зират күзетшісін пышақтағаны туралы жазған болатын. Ал кеше Алматыда пышақ пен граната ұстаған ер адам ұсталды.
