Алматыда Райымбек даңғылында полиция қызметкерлері күдікті мінез-құлқымен назар аударған ер адамды ұстады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, тексеру кезінде ұсталған адамның барсеткасынан пышақ пен гранатаға ұқсас зат табылған. Оқиға орнына жедел-тергеу тобы мен саперлар шақырылды.

Кейінірек жүргізілген тексеру гранатаның оқу-жаттығу құралы екенін және ешқандай қауіп төндірмейтінін көрсетті.

«Ұсталған адамның айтуынша, ол аталған заттарды бұрын тауып алған, ал пышақты тұрмыстық қажеттіліктер үшін өзімен бірге алып жүрген. Бұл ақпарат тексерілуде», — деп хабарлады полициядан.

Сондай-ақ, ер адамның бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны анықталды.

Алматы қалалық полиция департаменті азаматтарды ықтимал қауіп төндіруі мүмкін заттарды өздерімен бірге алып жүрмеуге шақырады. Қару немесе оқ-дәріге ұқсас заттар табылған жағдайда, полиция қызметкерлері 102 нөміріне дереу хабарлауды сұрайды.

Бұған дейін «Курсив» Алматыда полиция қызметкерлері Қаңтар оқиғалары кезінде ұрланған атыс қаруы бар қойманы тапқаны туралы хабарлаған болатын.