Алматыда бұрын сотталған, пәтер ұрлығының сериясына күдікті ер адам ұсталды. Полицияның мәліметінше, ол кіреберістерге кіріп, құлыпталмаған пәтерлерді іздеп, есік тұтқаларын тартқан. Оның күдікті әрекеті түсірілген видео әлеуметтік желілерде тарады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Ер адамды Алматының криминалдық полиция қызметкерлері Алмалы ауданындағы әріптестерімен бірлесіп ұстады. Тергеу деректері бойынша, ол негізінен Алматы мен Астанада әрекет еткен: иелері құлыптамай кеткен пәтерлерге кіріп, мүлікті ұрлаған.

Полиция оның Алматыдағы алты пәтер ұрлығына қатысы бар екенін анықтады. Бір жағдайда дәлізден 20 мың теңге бар сөмке жоғалған, екіншісінде залал 40 мың теңгені құраған.

Тергеу жалғасуда. Полицейлер болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.

«Тіпті пәтерден қысқа уақытқа шығу да қауіпсіздікті елемеуге себеп емес. Құлыптарды тексеріп, мүлкіңізді қорғаңыз», — деп еске салды полицияда.

Бұған дейін Instagram-да Алматы қаласының ПД | ДП г.Алматы (@almaty.police) парақшасында жарияланған бейнежазба тараған болатын.