Алматыда супермаркетте сатушымен тіл мәселесі бойынша жанжал шығарған әйел әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Полиция мәліметінше, оқиға қаладағы супермаркеттердің бірінде болған. Жанжал касса маңында басталған, әйел кезекке наразылық білдіріп, әкімшіден түсініктеме талап еткен. Сатушы қазақ тілінде жауап беріп, жақын арада тағы бір кассир келетінін айтқан. Алайда бұл жауап сатып алушыны қанағаттандырмаған.
Әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбада әйел сатушыдан тек орыс тілінде жауап беруді талап етіп, қазақ тілін түсінбейтінін айтады. «Орыс тілінде маған жауап беріңіз. Мен сізге орыс тілінде сұрақ қойдым. Өтінемін», — деп бірнеше рет қайталаған.
Бейнежазба кеңінен таралып, қоғамдық резонанс тудырды. Көптеген пайдаланушылар сатушыны қолдап, сатып алушының мінез-құлқын сынға алды.
Полиция әйелдің жеке басын анықтап, оған қатысты әкімшілік іс қозғады. «Сот шешімімен құқық бұзушы 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартылды», — деп хабарлады полиция.
Ведомство қоғамдық орындардағы агрессивті және әдепсіз мінез-құлық, сондай-ақ қоғамда алауыздық тудыруы мүмкін кез келген арандатушылық әрекеттерге жол берілмейтінін және заңнамаға сәйкес жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертті.
Сонымен қатар, полиция азаматтарды қоғамдық тәртіпті сақтауға, өзара құрмет көрсетуге және интернетте құқыққа қайшы контент таратпауға шақырды.
