Алматыдағы колледждердің бірінде алғашқы әскери дайындық пәнінің оқытушысы студенттің басына нысана қойып, пневматикалық мылтықтан оқ атқан, деп хабарлайды Qazaqyia ақпарат агенттігі.
Бұл оқиға бейнеленген видео әлеуметтік желіде тарап, қоғамда қызу талқы тудырды. Кадрлардан оқытушының студенттің басына қағаздан жасалған нысананы қойып, оны мылтықпен көздеп атқанын көруге болады. Белгілі болғандай, оқиға Алматы сәулет, дизайн және инженерия колледжінде болған.
Колледж басшылығы бұл жағдайға қатысты ресми мәлімдеме жасап, оқиғаның болғанын растады. Әкімшіліктің айтуынша, бұл сабақ кезінде емес, сабақтан тыс уақытта болған.
««Бұл жағдай сабақтан тыс уақытта болған. Оқытушы мен студенттердің бейресми әңгімесі кезінде пневматикалық мылтықтан ату сәті орын алған. Алайда жауынгерлік оқ-дәрі емес, мақта секілді жұмсақ зат қолданылған, сондықтан ешкім зардап шеккен жоқ. Бұл әрекет оқыту әдісіне де, жазалау түріне де жатпайды. Дегенмен колледж әкімшілігі педагогикалық этика мен қауіпсіздік ережелерінің өрескел бұзылғанын мойындайды», – делінген ресми хабарламада.»
—
Колледж өкілдері оқытушыға қатысты қандай шара қолданылатынын әзірге нақтыламады.
Фото: Әлеуметтік желіден
