Алматыда өзен жағасынан қару-жарақ пен оқ-дәрілер салынған қойма табылды. Полиция олардың иелерін және қойманың қашан жасақталғанын анықтап жатыр. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері Дархан шағын ауданындағы өзен маңынан қару қоймасын анықтады. Ішінен үлкен арсенал – қол гранатометі, тапаншалар, тегіс ұңғылы мылтықтардың кесінділері және патрондар табылды.

Алынған заттар сот-баллистикалық сараптамаға жіберілді. Сарапшылар табылған қару-жарақ пен оқ-дәрілердің шығу тегін анықтап, олардың тиесілігін тексеріп, қойманың қандай жағдайда және қашан жасақталғанын анықтауы тиіс.

Осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Бұған дейін Алматыдағы Райымбек даңғылында полицейлер күдікті мінез-құлқымен назар аудартқан ер адамды ұстаған болатын, бұл туралы қалалық полиция департаментінде хабарланды. Тексеру кезінде ұсталған адамның сөмкесінен пышақ пен гранатаға ұқсас зат табылды.