Алматыда болашақ жеңіл рельсті көлік (LRT) депосының құрылыс барысы көрсетілді. Нысан Алатау ауданының Индустриялық аймағында, Сокпакбаев көшесі, 72 мекенжайында (Фариза Оңғарсынова, Мөңке би және Бауыржан Момышұлы көшелерінің периметрінде) шамамен 19 гектар аумақта салынып жатыр. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Болашақ депо 50 құрамға дейін қызмет көрсетуге және орналастыруға есептелген. Мұнда вагондар тұраққа қойылады, сондай-ақ олар техникалық тексеруден өтіп, жөнделеді және күнделікті қозғалысқа дайындалады.

Алматы ЦРГ сарапшысы Нұрбол Әліповтің айтуынша, қазір депо аумағында жер қазу жұмыстары мен топырақты кері толтыру жүргізілуде. Оларға 24 өзі аударғыш, жеті экскаватор, алты тиегіш, төрт каток және екі су таситын машина жұмылдырылған.

Бұған дейін «Курсив» Бауыржан Момышұлы көшесінде болашақ трасса үшін шпалдар мен рельстерді төсеу басталғанын жазған.

Момышұлы көшесі мен Абылай хан даңғылы учаскелеріндегі жұмыстардың белсенді кезеңіне байланысты осы мерекелік демалыс күндері көлік қозғалысы уақытша шектеледі.