Алматы қаласындағы орталық клиникалық ауруханада жасалған күрделі отадан кейін 33 жастағы ер адамның көзі көре бастады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Пациентте IV дәрежелі кератоконус болған. Ал ауру асқынған жағдайда адамның көру қабілеті төмендейді.
Бес ай бұрын оған мөлдір қабықты трансплантаттауға шешім қабылданған болатын. Операцияны Алматы қалалық орталық клиникалық ауруханасының офтальмология бөлімшесінің меңгерушісі Гүлзат Абдраимова жасаған.
Бүгін бес айдан кейін пациент тексеріске келген. Мөлдір қабықтың жағдайы оң бағаланып отыр. Ер адамның көру қабілеті қалпына келді.
"Біз үшін әр операцияның артында нақты адамның тағдыры тұр. Әсіресе жас пациенттерге көру қабілетін сақтап, толыққанды өмір сүруіне, білім алуына, еңбек етуіне және болашаққа жоспар құруына мүмкіндік беру аса маңызды", — дейді офтальмология бөлімшесінің меңгерушісі Гүлзат Абдраимова.
Мөлдір қабықты трансплантаттау — офтальмохирургиядағы күрделі бағыттардың бірі. Оны ауыстыру үшін жоғары біліктілік, заманауи хирургиялық технологиялар мен операциядан кейінгі кәсіби бақылау қажет.
Айта кетері, Алматы қалалық орталық клиникалық ауруханасында мұндай операциялар донорлық бағдарлама аясында жасалады. Жыл басынан бері аурухана мамандары 15 мөлдір қабықты трансплантаттау жасады.
