Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты күйеуін пышақтап өлтірген әйелді ақтады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Оқиға биыл 1 мамырда болған. Қоғам белсендісі Дина Таңсәрі әлеуметтік желідегі жазбасында әйелдің 16 жыл бойы отбасылық жанжалдың құрбаны болғанын жазды. Бұл туралы Таңсәріге сотталған әйелдің туыстары айтқан.
16 жыл отбасылық өмірінде әйел жыныстық жолмен берілетін жұқпалы аурудан екі рет емделген. Бұнымен қоймай, күйеуі оны үнемі ұрып-соғып келген.
Қайғылы оқиға болатын күні ер адам әйелін тағы да ұрған. Жанталасып көшеге қашқан әйел полиция шақыру үшін ұялы телефон іздеген. Амалсыз үйіне оралған кезде оны күйеуі тағы ұрмақ болады. Әйел қорғану мақсатында ас үй пышағымен күйеуінің кеуде тұсына бір рет сұғып алады.
Әйел полиция мен жедел жәрдемді шақырады. Қылмыстық іс Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралды. Тағылған айып – адам өлтіру.
"Алқабилер сотталушыны Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 99-бабының 1-бөлігінде көзделген қылмысты жасады деген айып бойынша кінәлі емес деп таныды. Осыған байланысты сот ақтау үкімін шығарды", – дейді Алматы облысының соты.
Сотталушыға қатысты қолданылған "күзетпен ұстау" түріндегі бұлтартпау шарасының күші жойылды. Ал жәбірленушінің моральдық және мүліктік зиянды өндіру туралы азаматтық талабы қанағаттандырылған жоқ.
