Алматыда 65 жастағы әйелді күйеу баласы зорлады деген күдікке ілінген ер адам ұсталды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Оқиға туралы Sputnik Қазақстан тілшісіне қоғам белсендісі Динара Таңсәрі айтып берді. 17 тамызда күйеу бала енесінің үйіне шайға келген. Балдызы жұмысқа кетіп, үйде енесі екеуі қалады.
"Қарт кісі намаз оқығалы жатқанда күйеу баласы зорлаған. Сексуалдық әрекет емес, кәдімгідей зорлаған. Енесі екі күн бұл жағдайды жасырған. 19 тамызда шыдамай қызына айтып берген", - дейді қоғам белсендісі Динара Таңсәрі.
Қызы дереу полиция шақырады. Кешке полиция бөліміне барады. "Бірақ сараптаманы таңертең тапсырыңыздар, кешке жұмыс істемейді деген. 20 тамызда тергеушінің кабинетінің алдында жарты күн тосып, қаулымен танысады. Қаулыда зорлау бойынша экспертизадан өту туралы жазылмаған. Дене жарақатын келтіру деп қана көрсетілген. Қаулыны алып, бұлар үйге қайтып кеткен", - дейді Динара Таңсәрі.
Экспертиза мамандары қаулының дұрыс жазылмағанын айтып, үлгісін берген. Жәбірленуші қайтадан полиция департаментіне келеді. "Апа мен қызы маған хабарласып көмек сұрады. Олар қайтадан полицияға барады, бірақ оларды ішкі кіргізбеген, жанжал болған. Журналистерге айтамын деп жүріп ішке кірген. Қаулыны алып қайтадан экспертизаға барады. Онда да көгерген денесінен ғана сараптама алған, ал зорланғаны бойынша ешбір сараптама өткізбеген", - дейді қоғам белсендісі.
Таңсәрінің айтуынша, сараптама өткізетін мамандар гинекологқа баруды ұсынған. "Күйеу бала енесін зорлағаннан кейін үйіне келіп, 16 жастағы ұлына бәрін айтып берген. "Ақымақ болдым, эмоцияға беріліп кеттім. Ұлынан түсініктеме алуды сұраған", - дейді Динара Таңсәрі.
Бүгін беттестіру болды. Күдікті адвокатымен келген, ешнәрсе мойындамаған. Қазіргі уақытта жәбірленушінің киімдері сараптамадан өткізіліп жатыр. "Күдіктінің әйелі полицияға оның нашақор екенін айтқан. Үйіне тінту кезінде сондай заттар табылды", - дейді қоғам белсендісі.
Күдікті үш баланың әкесі, біреуі ерекше бала. Оқиғаға қатысты полиция қылмыстық іс қозғап, күдікті ұсталды. "Әуезов ауданының полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Кінәсі анықталған жағдайда заңға сәйкес жазаланады", - дейді Алматы қаласының полиция департаменті.
