Алматыда интернет-ресурс арқылы азаматтарға криптовалюта түрінде микрокредит беру желеуімен жасалған алаяқтық дерегі бойынша тергеу жүріп жатыр. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, қарыз алушыларды әлеуметтік желілер арқылы белсенді тартқан. Онда тиімді шарттармен қарыз берілетіні туралы жарнама кеңінен таралған.

Қарыз рәсімдеу үшін азаматтардан жеке басын сәйкестендіруден өтіп, дербес деректерін ұсыну және электрондық құжаттарға қол қою талап етілген. Алайда бұл рәсімдер аяқталғаннан кейін мәміленің нақты шарттары бастапқыда көрсетілген талаптардан едәуір өзгеше болған.

Агенттіктің айтуынша, қарыз алушыларға уәде етілген сомадан әлдеқайда аз қаражат аударылып, оның бір бөлігі алдын ала ескертілмеген комиссиялар мен өзге де төлемдер ретінде ұсталған. Сондай-ақ мәміле жасалғанға дейін қарыздың толық құны, артық төлем мөлшері, сыйақы мен айыппұлдар туралы ақпарат толық көлемде берілмеген.

Қаражат үшінші адамдардың, яғни дропперлердің банк карталары арқылы қайтарылған. Интернет-ресурстың жұмысын қамтамасыз ету және қарыз алушылармен байланыс орнату үшін заңды тұлғаларды, телекоммуникациялық ресурстар мен техникалық құралдарды қамтитын тармақталған инфрақұрылым пайдаланылған.

Тінту барысында жаппай SMS-хабарлама таратуға қолданылған SIM-бокстар мен көп мөлшерде SIM-карта тәркіленді. Тергеу жалғасып жатыр.