Алматыда әйел көзінің түсін өзгертемін деп соқыр бола жаздады, деп хабарлады денсаулық сақтау министрлігі. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Алматы қаласының тұрғыны көзінің түсін өзгерту үшін шетелге барған. Алайда операциядан кейін глаукома мен мөлдір қабықтың бұлдырлануы сияқты ауыр асқынуларға тап болды.

"Асқынулардың салдарынан әйелдің көру қабілеті күрт нашарлаған: бір көзі мүлдем көрмей қалған, ал екінші көзімен тек жарықты ғана ажырата алған. Соның нәтижесінде оған I топтағы мүгедектік белгіленді", - деп жазылған хабарламада.

Көмек іздеген әйел Қазақстандағы және шетелдегі бірнеше клиникаға жүгінгенімен, ешбір маман оның көру қабілетін қалпына келтіруге тәуекел етпеген. Айта кетері, аздап болса да жарықты сезетін көз оның көру қабілетін қалпына келтіруге жалғыз үміт болған, дейді министрлікте.

Науқастың жүгінуінен кейін Алматы қалалық орталық клиникалық ауруханасының мамандары жарықты сезу қабілеті сақталған көзді аман алып қалуға шешім қабылдап, екі сағатқа жуық уақытқа созылған күрделі аралас операция жасады. Ота барысында көзішілік қысымды төмендетуге бағытталған антиглаукомалық операция және мөлдір қабықты трансплантаттау жүргізілді.

Дәрігерлердің жоғары кәсіби біліктілігінің арқасында көзішілік қысым төмендетіліп, операцияға дейін тек жарықты ғана ажыратқан көздің көру қызметі қалпына келтірілді. Хирургиялық емнен кейін пациент қайтадан көре бастады. Қазіргі уақытта ол дәрігерлердің тұрақты бақылауында болып, оңалту курсынан өтіп жатыр.