Алматыда 1 қыркүйектен бастап бензинмен, газбен және дизель отынымен жүретін автокөліктер экологиялық нормативтерге сәйкестігін анықтау үшін техникалық тексеруден өтуге тиіс. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

A-parking мамандарының мәліметінше, бұл тексеру міндетті техникалық байқаудың құрамдас бөлігі емес, жеке рәсім болып саналады. Оның барысында автокөліктердің шығарындысы өлшенеді: бензин және газбен жүретін көліктердің пайдаланылған газының уыттылығы, ал дизельді көліктердің түтін шығару деңгейі тексеріледі.

Тексеру ҚР СТ 1433-2023 ұлттық стандартына сәйкес жүргізіледі. Мамандардың айтуынша, техникалық тексеруден мерзімінен бұрын өтудің қажеті жоқ. Жаңа талап кезекті міндетті техникалық байқау мерзімі 1 қыркүйектен кейін келетін автокөліктерге ғана қолданылады.

Егер автокөлік биыл 1 қыркүйекке дейін техникалық байқаудан өткен болса, берілген құжат белгіленген мерзімі аяқталғанға дейін жарамды болады. Сондықтан техникалық байқаудан қайта өтудің немесе осы мерзімге дейін экологиялық тексеруден өтудің қажеті жоқ.

Міндетті техникалық байқаудан бұрынғыдай кез келген қолданыстағы техникалық байқау орталығында өтуге болады. Ал шығарынды деңгейі қажетті жабдықпен қамтылған аккредиттелген станцияларда ғана өлшенеді. Бұл ретте автокөлік иесі аккредиттелген станцияда бірден екі рәсімнен – шығарындыны тексеру және міндетті техникалық байқаудан өте алады.