Алматыда заңсыз интернет-казино ұйымдастырғандар ұсталды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, күдіктілер «Olymp Casino», «Rukh Poker» және «7Kcasino» интернет-казиноларының төлем жүйесін ұйымдастырған. Оның ішінде «Rocket.do» онлайн-платформасы арқылы ойыншылардан ақша қабылдау және оны өңдеу жолға қойылған.
Іске қатысушылардың бірі — шетел азаматы. Ол 200 АҚШ долларына дейін сыйақы алып, өз банк шоттарын пайдалануға беруге келісетін адамдарды іздеген. Тапқан дропперлерін Қазақстанға әкеліп, ЖСН рәсімдету үшін ХҚКО-ға барған. Одан кейін банк бөлімшелеріне апарып, шот аштырған.
Күдікті сол арқылы 15 шетел азаматының банк шоттарына қол жеткізген, сондай-ақ өз шотын да пайдалануға берген. Ойыншылардан 16 дроппердің шотына түскен қаражаттың жалпы көлемі 110 млн теңгеден асты.
Күдіктілердің бірі қамауға алынды, тағы үшеуіне ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Қылмыстық іс сотқа жолданды.
