Алматыда екі қабатты ғимараттың шатыры өртеніп, төрт адам ауруханаға жеткізілді. Олардың екеуі жансақтау бөлімінде жатыр. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Өрт Алатау ауданына қарасты Әйгерім-1 шағынауданындағы Пригородная көшесінде болған. Қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, алғашқы өрт сөндіру бөлімшелері оқиға орнына жеті минут ішінде жеткен. Өрт сөндірушілер келген кезде шатырдың бүкіл аумағы ашық жалынмен жанып жатқан.
Металл жабынды шатырдың ағаш торламасы арқылы жалын тез таралған. Өрттің көршілес тұрғын үйлерге таралу қаупі болған, алайда өрт сөндірушілер тілсіз жаудың жақын маңдағы үйлерге жетуіне жол бермеді. Өрт 180 шаршы метр аумақта толық сөндірілді. Оны сөндіру барысында шатыр опырылып түскен.
Қалалық Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, зардап шеккен төрт адам ауруханаға жеткізілген. Олардың екеуі жансақтау бөлімінде аса ауыр халде жатыр, қалған екеуінің жағдайы орташа ауыр деп бағаланып отыр. Барлық зардап шегушіге қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр.
Бұқаралық ақпарат құралдарында өртенген ғимараттың заңсыз хостел болғаны туралы ақпарат тарады. Алайда Төтенше жағдайлар департаменті бұл мәліметті растаған жоқ. Қазір өрттің шығу себебі анықталып жатыр.
