Алматы полициясы «Арбат» жаяу жүргіншілер аймағында Хэллоуинді тойлаған 30-ға жуық жасөспірімнің ұсталу себебін түсіндірді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Әлеуметтік желіде осы оқиғаның видеосы тарады. Автордың айтуынша, Хэллоуинді атап жүрген жасөспірімдерді полиция ұстап әкеткен.

Полиция заң бойынша мерекелік іс-шараларға, бұқаралық демалыс пен қала тұрғындарының бос уақытын өткізуіне кедергі келтірмейтінін атап өтті. Бірақ ішкі істер органдарының басты міндеті – қоғамдық орындардағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтар мен ықтимал оқиғалардың алдын алу.

«Рейдтік іс-шаралар барысында «Арбат» жаяу жүргіншілер аймағында түнгі уақытта заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз жүрген 28 жасөспірім анықталды. Олардың ата-аналарына қатысты әкімшілік материалдар жинақталды», – дейді полицейлер.

Заңнама кәмелетке толмағандарға сағат 23:00-ден 06:00-ге дейін заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз тұрғын үйден тыс жерде жүруге тыйым салынған. Осы орайда полиция ата-аналарды балаларының бос уақытын ұйымдастыруға жауапкершілікпен қарап, әсіресе кешкі және түнгі уақытта олардың қайда жүргенін, кіммен араласатынын бақылауға шақырды.