Алматыда 1941-1944 жылдар аралығында Эстонияда қаза тапқан қазақ сарбаздары туралы альбомның тұсаукесері өтті. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Іс-шарада Эстонияның "Frontline" әскери-тарихи қауымдастығының басшысы Андрей Лазурин түсіндіргендей, альбомды әзірлеу бойынша жұмыстар үш жылға созылды.
"Біз қорғаныс министрлігінің орталық мұрағатымен және Эстонияның мемлекеттік мұрағатымен бірлесіп жұмыс жасап, қайтыс болғандар туралы жазбаларды жерлеу орындарымен салыстырдық. Бұл альбомда біз білетін қазақ сарбаздары және олардың қай жерде жерленгені тікелей көрсетілген. Альбомда ескерткіштердің суреттері, сипаттамалары, координаттары және сол жерде жерленгендер туралы ақпарат бар", - деді Лазурин.
Авторлар Эстониядағы соғыс кезінде қаза тапқан шамамен 700 қазақ сарбазын анықтады. Олардың жерленген жері белгісіз болған.
"Менің ойымша, біз бұл бағытта жұмысты жалғастырамыз. Тізіммен жұмыс істеу барысында біз қазақстандық әріптестерімізге хабарласып, олар бұл ақпаратты жариялауына қол жеткізуге тырыстық. Бірнеше отбасы туыстарының қайда жерленгенін білгенінен хабардармын. Қазақстандағы әріптестеріміз ата-бабаларының қайда жерленгенін көрсететін ескерткіш сертификат берді. Астанада осындай бірнеше сертификат тапсырылғанын білемін", - деп бөлісті Лазурин.
