Алматы тұрғыны Пушкин көшесіндегі сұлулық салонының шыны витринасын сындырып, ішке кірген. Оны ұстаған полицейлерге ол досымен тіл тартысқанын, осылайша ішке кіре алатынын дәлелдегісі келгенін айтқан. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, оқиға таңғы сағат төрттер шамасында Медеу ауданында болған. Куәгерлер «102» нөміріне қоңырау шалып, салонға кіріп кету туралы хабарлаған.

«Буран-617» патрульдік экипажы күдіктіні оқиға орнында ұстады. Полиция деректері бойынша, ер адам мас болған.

«Ұсталған адам полицияға жеткізілді. Болған оқиға бойынша тексеру жүргізіліп, оның әрекеттеріне құқықтық баға беріледі», — деді департаментте.

Бұған дейін «Курсив» Алматыда автобуста пышақ сермеген ер адамның қамауға алынғаны туралы жазған болатын.