Алматыда 44 жастағы ер адам электросамокаттан құлап, қайтыс болды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Оқиға түнгі уақытта Варламова көшесінде, Төле би даңғылының маңында болған. Полицияның алдын ала мәліметінше, ер адам электросамокатты басқару кезінде тізгіндей алмай, бордюрге соғылып, құлаған.

«Алдын ала деректер бойынша, ер адам электросамокатты басқару кезінде тізгіндей алмай, бордюрге соғылып, құлаған. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр», — деп хабарлады полиция.

Құлау салдарынан алматылық өмірмен сыйыспайтын жарақат алған. Оқиға орнына келген дәрігерлер реанимациялық шаралар жүргізген, алайда ер адамды құтқару мүмкін болмаған.

Алдын ала ақпарат бойынша, жүріп бара жатқанда ол қорғаныс дулығасын және басқа да жеке қорғаныс құралдарын кимеген.

Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.

Полиция электросамокат пайдаланушыларына қауіпсіздік шараларын сақтауды, қорғаныс дулығасын және басқа да қорғаныс құралдарын қолдануды ескертті.

Бұған дейін «Курсив» 25 тамыздан бастап электросамокаттарға тротуарларда жүруге тыйым салынғанын жазған. Оларға веложолдарда, велосипед жолақтарында және жолдың жиегінде жүруге рұқсат етілген. Полиция ережелердің сақталуын электросамокаттағы патрульдер, бейнебақылау камералары және дрондар арқылы бақылауды жоспарлап отыр.

ІІМ деректері бойынша, жыл басынан бері электросамокаттардың қатысуымен 139 жол-көлік оқиғасы тіркелген, оларда екі адам қаза тапқан. Сонымен қатар, 1 шілдеден бастап электросамокат пайдаланушылары жол қозғалысының толыққанды қатысушылары болды: жаяу жүргіншіге басымдық бермегені үшін 2 АЕК — 8 650 теңге көлемінде айыппұл қарастырылған.