Алматыда мәслихат отырысында жол қозғалысын ұйымдастырудың жаңартылған жобасы таныстырылды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Жобаға сәйкес, электр самокаттар, мопедтер және осыған ұқсас техникалық құралдарға арналған тұрақ орындарын орналастырудың бірыңғай талаптары енгізіледі. Сонымен қатар құжатта көлік құралдарын эвакуациялау мен сақтау, сондай-ақ аулаларға шлагбаумдар мен қорғаныш қоршауларын орнату тәртібі белгіленген.
Бұл ретте жедел жәрдем, өрт сөндіру және басқа да шұғыл қызметтердің көліктері үшін кедергісіз өту міндетті талап болып қала береді. Бұған дейін электр самокаттарға автокөліктердегідей мемлекеттік тіркеу нөмірлері орнатылатыны хабарланған болатын.
Сондай-ақ олар үшін жолдар мен тротуарларда арнайы жол таңбаларын енгізу жоспарланып отыр.
